Кеншілер мәдениет сарайында 30-31 қазан күндері ақын, әнші, композитор Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Әудем жер» атты дәстүрлі ән орындаушылары арасында облыстық байқау өтті.  Ақан Қорамсаұлы шығармашылығын насихаттау мен дәстүрлі ән өнерін дамыту, дәстүрлі ән орындаушыларының  музыкалық сауаттылығын, орындаушылық мәдениеті мен кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен байқауға облысымыздың әр аймағынан 21 өнерпаз бақ сынады.

 

Қазылар алқасының шешімімен  байқаудың диполмант атағына ақтоғайлық  Алуа Қалымбекова мен Балхаш қаласынан келген үміткер Гүлім Дәуренбекова иеленді, жүлделі үшінші орын және лауреат атағы Жезқазған қаласының өнерпазы Алмагүл Қаратаева мен Ақтоғай ауданының атынан сынға түскен Мадияр Өмірғалиға табыс етілді.  Ал байқаудың жүлделі екінші орын және лауреат атағын балхаштық Нұрболат Ұзақбай мен Абай ауданының үміткері Диана Нығметжановаға ұсынылды.  Ал байқаудың бірінші орын және лауреат атағы Қарқаралы қаласының өнерпазы Шыңғыс Сәрсенбайға берілсе, ал жаңаарқалық Дәулеткелді Сағатов қатарынан оза шауып, байқаудың Бас жүлдесін қанжығасына байлады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнерпаздар ұйымдастыру алқасының атынан ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

Екі күнге ұласқан ән бәйгесіне төрелік еткен қазылар алқасының құрамында, қазылар алқасының төрағасы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, халықаралық және республикалық   конкурстардың лауреаты Сержан Мұсайын,   Т. Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Қайрат Әбеуов, республикалық байқаулардың лауреаты  Ардақ Мұқышев, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, халықаралық және республикалық   конкурстардың лауреаты Гүлмира Тапай,  Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, халықаралық және республикалық   конкурстардың лауреаты Ержан Базарбеков болды.