Кеншілер мәдениет сарайы – Қарағанды қаласының басты ерекше ғимараттарының бірі. 1940 жылы салынып, 1952 жылы қолданысқа берілген. Облыстық маңызы бар ірі іс-шаралардың көпшілігі осы ғимаратта өткізіледі. Тұрғылықты халыққа қызмет етіп, өнерге қадам басқан әрбір жанға бойындағы талантын ашуға мүмкіндік жасау – сарайдың басты мақсаты. Бүгінде кеншілер мәдениет сарайы жанында  26 көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс жасайды. Олардың үшеуі «халықтық» деген атаққа ие. Атап айтар болсақ, Шахтер халықтық ән-би ансамблі, Қарағанды облысының халықтық композиторлар клубы, «Марианна» авторлық әндердің халықтық клубы. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі шығармашылық ұжымдар тату-тәтті жұмыс ісітеп келеді. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалған. Мұнда вокал, хореография, сурет салу, театр өнері, аспаптарда ойнау сияқты өнердің алуан түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Сарай жанындағы ұжымдар облыс, республика көлеміндегі өтетін іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Кеншілер мәдениет сарайы қаламыздағы сирек сәулет ескерткіші қатарына жататындықтан бізге саяхаттап келушілердің де қатары көп. Мектеп-интернат, жоғарғы оқу орындарының студенттері, сонымен бірге қаламызға саяхаттап келетін шетелдіктердің де қатары көптеп кездеседі. Кешен 757 адамға арналған көрермендер залынан, вестибюлден, жоғарғы және төменгі қабаттағы 2 фойеден тұрады. Ғимараттың фасады 6 коллонадан тұрады.