2019 жылдың 27-ақпаны күні  Кеншілер мәдениет сарайында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай қалалық мектеп оқушылары арасында «Өлең, мен сені аялап өтем...» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті.


Поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға қала мектептерінен 47 оқушы бақтарын сынады. Байқауға қатысушылар  «Мен жалындап өтемін» кезеңінде ақынның бір шығармасын орындау және Ф. Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы жайлы сұрақ-жауап кезеңдері арқылы сынға түсті.


Қатысушыларға  ақын, жастар саясаты басқармасының бас маманы С. Жүнісов, ақын, халықаралық Шабыт фестивалінің лауреаты С. Кеңесбекова және ақын, журналист Ж. Әлиман қазылық етті.


Байқаудың нәтижесі бойынша жүлделі үшінші орынды №101 мектеп-лицейдің оқушысы Анеля Мамбеталиева және М. Жұмабаев атындағы №39 гимназияның оқушысы Айым Жұмажанова жеңіп алса, жүлделі екінші орын №92 гимназияның оқушысы Дидар Балмағанбетке табысталды. Ал, байқаудың  жүлделі бірінші орыны №101 мектеп-лицейдің оқушысы  Балауса Хамитке тапсырылды. Сонымен қатар «Үкілі үміт» ынталандыру сыйлығы №101 мектеп-лицейдің оқушысы Нұрай Қалқаманға берілді.


Үздік деп танылған қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.